Қол мділікті қосу жеті Қол мділікті қосу жеті

Қиын сәтте қоғамға қол ұшын созу – әрбір ұжымның борышы

Көптеген компаниялар карантин кезеңінде қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Алайда, кейбір ұжымдарда онлайн режіміндегі жұмыс тиімді ұйымдастырылғандықтан, оны тағы бірнеше ай бойы жалғастыру туралы шешім қабылданды. Осындай қызметті ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы "Такеда Қазақстан" ЖШС қызметкерлер құрамымен жұмыс жөніндегі директоры ("Такеда Фармасьютикал Компани Лимитед" жаһандық биофармацевтикалық компаниясының ресми өкілі) Айжан Кенже ханыммен әңгімелескен едік.

- Нарықтағы компаниялардың карантинге байланысты жұмысы жағдайындағы өзгерістер сіздің бизнесіңізге қалай әсер етті? Осы қиын кезеңде сіздер өз қызметкерлеріңіздің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз еттіңіздер?

- Желтоқсан-қаңтарда Қытайда жаңа коронавирустың таралуы туралы алғашқы ақпарат пайда болған кезде, біз ҚХР-ға қатысты Қазақстанның аумақтық орналасуын және екі елдің шекарасының ұзақтығын түсіне отырып, алдын-ала белсенділік таныта компанияның кеңсесінде дайындықты бастадық. Бірінші кезекте біздің кеңселерімізді санитайзерлермен жабдықтап, қызметкерлерді маскамен қамтамасыз еттік. Яғни, ұжымда жұқтыруды болдырмау үшін барлық қадамдар жасалды. Ол кезде жаңа вирус туралы ақпарат әлі нақты емес еді, аурудың белгілері туралы дәлме-дәл деректер де болмады. Дегенмен, қауіпсіз жұмыс кеңістігін құру жөніндегі әмбебап ережелер бар, біз соны қолдандық. Компания сондай-ақ өз қызметкерлерінің коронавирустық инфекция оқиғалары бар елдерге сапарларын шектеді. Наурыздың алғашқы күндерінде біз қызметкерлер үшін бір-бірімен аз байланыста болатындай негізде ауысым кестесін құрып, оны жүзеге асырдық.

Біз үшін пандемия кезіндегі басты басымдық пациенттерді біздің өндірісіміздегі дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және келісім-шарттардың үздіксіз орындалуы болды. Алғашқы күндерден бастап біз мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасадық және қажетті рұқсат қағаздарын алу үшін барлық кезеңнен жедел өттік. Нәтижесінде, карантин мен төтенше жағдайға байланысты арнайы шараларға қарамастан, біздің компаниямыздан дәрі-дәрмектерді Қазақстан нарығына жеткізудің үздіксіздігі толық көлемде жүзеге асырылды. Өз қызметкерлерімізді және олардың отбасыларын қорғау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз және біз пациенттерімізді, қоғамдастықты және барлығына сенім артатын медицина қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.

- Пандемия жағдайында сіздердің ұжым барлық қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеуге көшірді, бұл жұмыс қалай құрылады және бақыланады?

- Төтенше жағдай енгізілгенге дейін, бір ай бұрын біз барлық кеңселерді қашықтықтан жұмыс істеуге дайындай бастадық. Азия-Кавказ кластерінің басшысы бастаған арнайы комитет құрылды, оған қызметкерлердің қауіпсіздігіне, сондай-ақ бизнес-процестердің үздіксіздігіне жауап беретін функциялардың жетекшілері кірді. Компания қызметкерлермен тиімді байланыс орнатты – аптасына екі рет, дүйсенбі және жұма күндері, комитет отырысы өткізіледі және оның нәтижелері бойынша қызметкерлер үшін ішкі хабарлама дайындалып, барлығына таратылады. Бұл маңызды қадам, өйткені дағдарыс кезінде, түсініксіз жағдай орын алған шақта қызметкерлерді іс жүзінде де, психологиялық тұрғыдан да қолдау өте маңызды. Мұқият және тұрақты қарым-қатынастың арқасында қызметкерлер менеджменттің жақын екенін, Takeda компаниясында жағдай бақылауда екенін түсінеді және олардың қауіпсіздігі және жұмысын жалғастыру үшін қандай қадамдар жасалды, қандай әрекеттер іске асырылды – осы туралы нақты ақпаратты ала алады.

Жауапсыз көптеген сұрақтар вакуум сезімін тудырады, ал мұның ешкімге пайдасы жоқ. Сондықтан біздің тарапымыздан адамдар қашықтықтан жұмыс форматында бола клиенттермен және серіктестермен онлайн қарым-қатынасты жалғастыруда қандай шешімдер бар екенін нақты түсінуі үшін барлық сәттер ойластырылды. Яғни, өте үлкен кросс-функционалдық жұмыс жүргізілді, компанияда бар барлық сандық шешімдер тізімі дайындалды.

Қашықтықтан жұмыс істеудің үлкен тәжірибесі бұрын соңды болмаса да, қызметкерлерге арналған үй кеңсесі өте тез ұйымдастырылды. Біз қызметкер сырқаттанған жағдайда бірнеше күн үйден жұмыс істей алатындай амалды тәжірибелегенбіз, алайда барлық қызметкерлердің осындай форматта жұмыс істеуі бұрындары болмаған.

IT бөлімі тыңғылықты жұмыс істеді – бізде барлық қызметкерлер заманауи компьютерлермен қамтамасыз етілген, олардың барлық гаджеттері реттелген. Лауазымына қарамастан, байланыс бойынша лимиттер барлық қызметкерлерде ұлғайтылды. Басқа компаниялардың еңбек төлемін азайтқанын немесе қызметкерлерін жалақысыз демалыстарға жібергенін көре отырып, біз тамақтануға арналған белгілі бір соманы бөлуден бастап, қызметкерлерімізге берілетін сақтандырудың төрт түрі сынды жеңілдіктер мен жалақының 100%-ын сақтап қалғанымызды мақтан тұтамыз. Менің ойымша, қазір біздің қызметкерлер компанияның адам ресурстарын басқару саясатын және жұмыс берушінің өз қызметкерлеріне ұсынатын әлеуметтік шарттарын бағалайтын Top Employers Institute халықаралық ұйымы тағайындайтын Қазақстан мен Еуропада «Үздік жұмыс беруші» сертификатын шын мәнінде лайықты алғанын сезінетін болар. Takeda жаһандық деңгейде үшінші жыл қатарынан осы беделді сыйлықтың иегері болып табылады.

Үдерістерді бақылауға келетін болсақ, біз сенім қағидаттары негізінде жұмыс істейміз және қызметкерлерді жаппай бақылау міндетін өзімізге қоймаймыз. Дегенмен, бөлім басшылары күн сайын өз қызметкерлерімен телефон арқылы тілдесіп, бөлім жиналыстарын өткізеді. Мұндай коммуникацияның міндеттері тек бақылау ғана емес, сондай-ақ қызметкерлерді қолдау. Осы күрделі кезеңде ұжымның жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты – қызметкерлердің қолайлы жағдайында қызметімізді табысты және тиімді жалғастыру.

- Сіздер қызметкерлердің қашықтықтан жұмысын ұйымдастыру үшін қандай да бір бағдарламалық жасақтаманы қолданаcыздар ма, ол арнайы дайындалған ба?

- Біз жаһандық компания болғандықтан, жаңа әзірлемелерді пайдаланамыз. Ағымдағы барлық міндеттерге жауап беретін бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық жабдық пакеті бар. Сондықтан карантин кезінде ешқандай жаңа бағдарламаларды, тың платформаларды енгізбедік. Қашықтағы жұмыста біз барлық техникалық жабдықтар мен бағдарламаларды пайдаланамыз, барлығы сағат сияқты нақты жұмыс істейді. Сондай-ақ онлайн конференцияларды пайдалану бойынша тренингтер өткізілді, жаһандық компания НR-департамент және оның қызметкерлері үшін қашықтықтан сұхбат бойынша бағдарлама әзірледі, семинарларда осы жүйені қалай пайдалану керектігін үйретті.

Сондай-ақ, компанияда чат-бот бар – ол осы қиын уақытта қызметкерлердің компаниямен тығыз байланыста болып, кез келген шақта барлық толғандыратын сұрақтарын қоя алуы үшін іске қосылды. Олар HR процестеріне, қауіпсіздік шараларына, немесе тек COVID-19 тақырыптарына қатысты болуы мүмкін. Бізде қызметкерге автоматты түрде түсетін дайын жауаптар бар, егер жүйеде жоқ сұрақ болса, онда бұл мәселе HR-функциясының басшысына тікелей келеді. Оған мен жауап беремін, немесе HR менеджерлерден көмек сұраймын, өйткені бөлімдердің менеджерлері нақты жағдайды жете түсініп, сауалға толық және нақты жауап бере алады. COVID-19 арналған чат-боттың жеке бөлігінде қызметкерлер қазіргі жағдайға қатысты барлық ақпаратты таба алады. Бірақ бізде қызметкерлердің 80%-ы жоғары медициналық білімі бар адамдар екенін ескерсек, бұл тұрғыдан бізге оңайырақ. Адамдар жағдайдың анық-қанығын ұғына түсіп, бір-бірімен байланысады және үрейге түспейді. Біздің қызметкерлерді қауіпсіздік шараларының не үшін қабылданып жатқандығы, олардың қажетттілігі туралы сендірудің қажеттілігі аз.

- Үй жұмысын ұйымдастыру бойынша қызметкерлерге қандай ұсыныстар беріп, нендей ережелерді енгіздіңіздер?

- Біздің әрқайсымыз дағдарысты төрт жағдайдың бірінде сезінеміз – жайбарақаттық, скепсис, мобилизация немесе үрей. Қызметкердің қандай күйде болуы оның компанияда не болып жатқанын қабылдауына және оның тиімді жұмыс істеуге дайындығына байланысты. Біз осы қиын кезеңде қызметкерлердің жай-күйін мониторингілеу және қажет болған жағдайда алаңдауды оң арнаға бағыттап, алға жылжу үшін жаңа ресурсқа айналдыруды нақты түсінеміз.

Қашықтықтан жұмыс режимінде өзін-өзі ұйымдастыру және өнімділік туралы бірқатар вебинарларды өткіздік. Оларда жұмыс күнін қалай жоспарлау, жұмыс орнын қалай ұйымдастыру, мақсаттар мен міндеттерді қалай дұрыс үйлестіру және басшылықпен өзара әрекеттесудің нақты KPI туралы әңгімеленді. Соңғы сәтке, жалпы жетекшімен қарым-қатынасқа ерекше мән берілді, өйткені тікелей басшы – бұл дос, әрі тәлімгер ретінде қасыңнан табылатын адам. Біздің компаниямызда қабылданған корпоративтік мәдениет кез келген деңгейдегі басшыны көшбасшы болуға шақырады. Бізде барлық жетекшілер оқытылған өте жақсы құрал бар – бұл коучингтік әңгіме, қызметкердің сенімді форматта проблеманы айта алуы, оны толғандыратынын мәселемен бөлісе алуы, сұрақ қоюы, олар басшы үшін әрқашан ыңғайлы емес болуы мүмкін. Қазір бұл құрал да қолданылады.

Біз белгілі бір уақыт ұстануға бекініп отырған үйде жұмыс процесін ұйымдастыруға келетін болсақ, біз өз қызметкерлерімізге күніне қысқа жұмыс жоспарын жасауға кеңес береміз. Адам жұмыс істейтін кеңістіктің экологиялығы маңызды, яғни бөлмені дұрыс таңдау, жарықтандыру жағдайы. Күн бойы киімдерді ауыстыру өте пайдалы, өйткені үй киімінде жұмыс – бұл тиімділікке әкелмейді. Мүмкін болса, пәтер бойынша геолокацияны өзгерту де пайдалы. Әрине, бұл оңай емес, өйткені мектеп жасындағы балалары бар отбасылар бар, қазіргі уақытта олар қашықтықтан білім алуда, дегенмен жұмысты қалай ұйымдастыру және оны неғұрлым жайлы етуге қандай ұсыныстар беру керектігі туралы біз алдын ала оқыту семинарлары мен конференцияларда көп әңгімеледік. Сонымен қатар, біздің ішкі коммуникациялық веб-платформада ішкі челлендж іске қосылды. Онда қызметкерлер қысқа бейнематериалдарды, олардың қашықтықтағы жұмысының қалай өтіп жатқандығы туралы суреттерді қояды. Бұл бір-бірімізді ынталандыру үшін жасалған, өйткені біз адамның әлеуметтік жаратылыс екенін түсінеміз. Қазір ештеңе өзгермегенін түсіндіретін атмосфераны құру өте маңызды – біз бәріміз біргеміз, біз жауапты үлкен компанияның бір бөлігіміз және барлық қиындықтарды жеңеміз.

- Бүгінде Takeda компаниясы қоғамды қалай қолдайды, Қазақстандағы қандай әлеуметтік немесе қайырымдылық жобаларғаа қатысады?

- Біздің компания Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар тобының құрамына кіреді, атап айтқанда, «Шелл Казахстан», «Эни», «Тоталь», «Инпекс», «Лукойл», «Камеко», «Эр Ликид», «Фрипорт Казахстан», COVID-19 бар науқастарды емдеуге жәрдемдесу және инфекцияның таралуын болдырмау үшін ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Көппрофилді медициналық орталыққа (КПМО) және интенсивті терапияға арналған заманауи жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алды. Жабдықтардың жалпы құны 200 миллион теңгеден асады (шамамен 500 000 АҚШ доллары).

Біз сондай-ақ Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасына қаражат бөлдік, олар медицина қызметкерлеріне жеке қорғану құралдарын сатып алуға бағытталған.

Такеда-Қазақстан COVID-19 жағдайында инфузиялық жүйелердің тапшылығындағы медициналық мекемелерге қаржылай қолдау көрсетті. Біз «Help Today» ҚҚ-на II типті мукополисахаридозы бар 24 пациентке инфузиялық жүйе сатып алуға қаражат жібердік.

Қайнар көз: Egemen.kz